
Хабарлама
Ақпарат алып отыру үшін жазылыңыз
Профессор Гүлнар Өкісханқызы Мұхаметқалиеваның Қазақ мәдениетін насихаттау және академиялық байланыстарды нығайту үшін Ұлыбританияға іссапары туралы
2024 жылғы 15-24 қазан аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, PhD, Мұхаметқалиева Гүлнар Өкісханқызы Ұлыбританияға ресми сапармен келді. Сапар ҚР Ғылым және Білім Министрлігінің гранттық жобасы аясында жүзеге асырылды, профессордың негізгі мақсаты қазақ халқының салт-дәстүрлерін насихаттау және ағылшын мәдениетімен танысу болды.
Іссапар барысында профессор Ұлыбританиядағы Қазақ Орталығының (Kazakh Centre in the UK) қолдауымен және жергілікті белсенді қазақтардың ұйымдастыруымен бірқатар маңызды шараларға қатысты. Ол қазақ диаспорасының өкілдерімен, Англияда білім алып жүрген қазақ студенттерімен, сондай-ақ мәдениет саласындағы белсенділермен кездесті.
Қазақ Орталығымен танысу және мәдени байланыстарды нығайту
Профессор Мұхаметқалиева Қазақ Орталығының төрағасы Исмаил Кесіжі және орталықтың белсенді мүшесі Шолпан ханыммен кездесті. Кездесу барысында орталықтың қызметі, оның Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасымен қоса атқарып жатқан жұмысы, қазақ-британ екіжақты мәдени байланыстарды нығайтуға Орталықтың қосып жатқан үлесі және болашақта Ұлыбританияда қазақ тілі мен мәдениетін ілгерілету бойынша жоспарда бар жобалар туралы айтылды.

Kazakh Speaking Club кездесулері
Профессор Мұхаметқалиева қазақ тілін үйренгісі келетін кез-келген адам үшін есігі ашық және тегін Kazakh Speaking Club-тың жұмысымен танысты. Қазақша сөйлек клубының ұйымдастырған кезекті басқосуына қатысып, клубтың қазақ тілі мен мәдениетін насихаттау жолындағы жетістіктерін ерекше атап өтіп, шет елдегі қазақтардың тіл мен ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері жөнінде сөз қозғады.
Qazaq School London және академиялық байланыстар
Профессор Гүлнар Мұхаметқалиева сондай-ақ Лондондағы мектеп жасындағы кішкентай балаларды оқытатын Qazaq School London мектебіне барып, ұстаздармен, оқушылармен және ата-аналармен кездесті. Профессор ұлттық құндылықтар бойынша балаларға шағын презентация жасап, мектеп оқытушыларымен қазақ тілін оқыту әдістемелері бойынша сөйлесіп, шет елдегі қазақ балаларының ана тіліне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған шараларды талқылады.

Сонымен қатар, Профессор Мұхаметқалиева Ұлыбританияның жетекші оқу орындарының бірі Уорвик университетіне барып, сонда бакалавриатта және магистратурада білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті. Профессор Гүлнар Мұхаметқалиева студенттерге жастардың ұлттық мәдениетті сақтау және дамытудағы рөліне ерекше назар аударып, осы бағыттағы білім мен тәжірибенің маңыздылығын атап өтетін «Ұлттық құндылықтар және жастар» тақырыбында дәріс оқыды. Дәрістен кейін ол студенттер ұйымдастырған «Түнгі куиз» атты шараға қатысты, мұнда студенттер әр түрлі сұрақтардың жауабын шешіп, қызықты пікірталастар жүргізді. Бұл ойын түріндегі шара барысында Қазақстанның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрлері және ұлттық құндылықтарына қатысты сұрақтар да қойылды. Бұл кездесу университет жанынан құрылған «Қазақ жастары» ұйымымен ұйымдастырылды.

Димаш Құдайбергеннің британдық жанкүйерлерімен кездесу
Профессор Мұхаметқалиева әлемге танымал қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің британдық фан-клубының негізін қалаушы Джилл Бичеммен және клуб белсенділерімен кездесті. Бұл кездесу барысында Димаштың шығармашылығы арқылы Қазақстанның мәдениетін Ұлыбританияда қалай насихатталып жатқаны жөнінде пікір алмасу болды.


Профессор Гүлнар Мұхаметқалиеваның Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған Ұлыбританияға алғашқы сапары қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын шетелде танытуға үлкен үлес қосты.
Мақала авторы: Кәмшат Кеңшілікқызы Күмісбай,
ҰҚО директоры

Қазақстан Ұлыбританиядағы атақты Эдинбург Фриндж фестиваліне (Edinburgh Fringe Festival) қатысты. Осы жылы тамыздың 2 – 26 аралығында өткен фестиваль аясында Орталық Азия креативті хабы «Фриндж Фьюжн: Қазақстан және ғаламдық өнер серіктестіктері» атты шара өткізді. Оның негізгі мақсаты жиналған халықаралық аудиторияға Қазақстанның бай мәдени мұрасын таныстыру болды.
Бағдарламаның алғашқы бөлігінде Орталық Азия креативті хабының негізін қалаушысы, «Дара» президенттік бастамалар қорының Коммуникациялар және маркетинг бөлімінің директоры Бибігүл Мақажанова Қазақстанның креативті индустрияларының әлемдік мәдени ландшафтқа қосатын елеулі әлеуеті бар екенін атап өтіп, Қазақстанның жаһандық қоғамдастыққа инновациялық дизайн мен музыкадан бастап тарихи кино және заманауи өнер туындыларына дейінгі идеялар мен жобалардың кең ауқымын ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Шараның алғашқы панелінде сөз сөйлеген қазақстандық A.I. театрының басшысы, қазақстанның әйгілі эстрада әншісі, актриса Айгүл Иманбаева, ÓzgeEpic creative group өкілі Тоғжан Құрманжанова, ARTиШОК театрының өкілі Анастасия Тарасова және драматург Ольга Малышева өздерінің жеке презентацияларын жасай отырып, Қазақстанның заманауи өнері, оның дамуы жолындағы жетістіктері мен қиындықтары туралы сөз қозғап, қатысушылар тарапынан болған көптеген сұрақтарға жауап берді.


Даниядан келген Creative Organizations ұйымының директоры және стратегиялық кеңесшісі Karen Toftegaard жергілікті орындаушылық өнерді жаһандық деңгейге шығару туралы пікірталасты жүргізді. Бұл талқылауға Үндістан, Гонконг, Индонезия және Сингапурдан келген продюсерлер қатысты, олар Қазақстанның шығармашылық бастамаларына үлкен қызығушылық танытты.
Айта кететін болсақ, Edinburgh Fringe Festival 1947 жылдан бері Эдинбургте жыл сайын өткізілетін әлемдегі ең ірі өнер көрмесі болып табылады. Айтулы шара театр, музыка және әзіл-сықақ саласындағы халықаралық топтардың өсуі мен дамуына үлес қосуға бағытталған маңызды алаңдардың бірі болып есептеледі.
Ұлыбританиядағы Қазақ Орталығы
Лондонда өткен Мәдениет Стилі апталығына қатысты

Ү.ж 18 мамырда Диалог пен даму үшін мәдени әртүрлілік халықаралық күні қарсаңында Лондонда Culture Fashion & Arts ұйымдастырған Мәдени Стиль апталығы (Cultural Style Week) өтті. Сән көрсетілімдері, мәдени қойылымдар, шопинг және т.б. бар қызықты оқиғаларға толы жылда өтетін шараға биыл Қазақстан алғаш рет қатысып, мерекеге ерекше шырай келтірді.
Мәдени стиль апталығында Ұлыбританиядағы Қазақ орталығы көрермендер назарына қазақ мәдениетін көрсететін «Қазақтың ұлттық киімі: Тал бесіктен даналыққа дейін» атты жеке презентациясын ұсынды.
Қазақтың дәстүрлі ұлттық киімдерін көрсете отырып адам өмірінің барлық кезеңдерін бейнелейтін бұл қойылым шараға жиналған қонақтардың көңілінен шықты. Мәдениет стилі шарасының бағдарламасы этникалық тақырыптар мен мазмұнды әңгімелерге, әртүрлі мәдени және музыкалық қойылымдарға бай болғанын атап өтуге болады.
Жалпы, Ұлыбританиядағы Қазақ орталығының Мәдени стиль апталығына қатысуы сән қойылымынан бөлек тағы да екі бағыт бойынша жүрді: жәрмеңкеде қазақ сәніне байланысты өнімдер сатылып, балалар сән көрсетілімінде жергілікті қазақ қауымдастығының балалары қатысты.
Аталған шараға жергілікті қазақ қауымдастығының 40-қа жуық өкілдері қатысты. Мәдени қойылым үшін арнайы Қазақстаннан қазақтың танымал этнографы, шебер қолөнерші және қазақтың дәстүрлі киімі дизайнері Сұлтан Тілектің орамалдары мен кимешектері әкелініп, сән қойылымында киіліп көрсетілді.
Жәрмеңкеде заманауи қазақ стиліндегі зергерлік бұйымдар дизайнері Ардақ Хиссинаның жұмыстары (Arhiss бренді), Balausа Silver зергерлік бұйымдары, Тамилла Зиневичтің Worldkawai брендінің зергерлік бұйымдары, Толқын Құсайынованың этностильді дастархандары мен матадан жасалған сөмкелері (KaspiWave бренді), Исмаил Кесіжінің қолдан жасалған былғары сөмкелері (Birgson бренді), сондай-ақ тақиялар, ұлттық стильдегі аксессуарлар және көптеген кәдесыйлар сатылды.
























Лондонның жүрегіндегі қазақ тілі мен мәдениетіне арналған жаңа бастама
27/04/2024 – Лондон төрінде қазақ тілі мен мәдениетіне арналған жаңа бастама — қазақша сөйлеу клубының салтанатты ашылуы өтті. Бұл шара жергілікті қазақ қауымдастығы мен мен қазақ тіліне құштар жандарды бір арнаға тоғыстырды.

ЛОНДОН. KAZINFORM — Тұманды Альбионда Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы мәдени-достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған Қазақ орталығының ашылу салтанаты өтті. Орталық көркем тіліміз бен ұлттық дәстүрлерімізді жергілікті жұртшылықпен кеңірек таныстыруды және сол елдегі қазақтардың басын біріктіруді мақсат етеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің осы елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.
А.ж. 2 наурызда Наурыз мерекесі қарсаңында Уорик университетінің қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен және Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі мен жаңадан құрылған Ұлыбританиядағы Қазақ Орталығының қолдауымен Уорик Қазақ Балы өтті.

2024 ж. 17 ақпанында Редингке қарасты Кавершам қаласында әйгілі қазақстандық пианист Дина Дүйсеннің қатысуымен «Ерте көктем» концерті өтті. Скрипкашы Цзяфенг Чен мен виолончелист Наоми Уоттс қосылып, Шуберт пен Брамстың фортепианолық триоларын орындады. Концерт әртістердің ерекше таланты мен синергетикасын көрсететін классикалық музыканың тамаша кеші болды.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАС КОМПОЗИТОР РАХАТ-БИ ӘБДІСАҒИННІҢ «THE BRUCE» ОПЕРАСЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ПРЕМЬЕРАСЫШОТЛАНДИЯДА ӨТЕДІ

2024 жылдың 17 ақпанында Глазго соборында «Болашақ» бағдарламасының докторанты, композитор-пианист Рахат-Би Әбдісағиннің «Брюс» операсының әлемдік премьерасы өтеді. Операда Шотландия королі Роберт I Брюс туралы баяндалады. Опера өткен мен болашақ арасындағы музыкалық көпір әрі шотландиялық ұлы монархтардың бірі, тәуелсіздік үшін күрескен тұлғаның өмірін музыкамен бейнелейді.
Либретто Джон Барбурдың 1375 жылы жазылған ортағасырлық «Брюс» поэмасына негізделген, ол Рахат-Бидің Шотландия Корольдік консерваториясы мен Сент-Эндрюс университетіндегі докторлық зерттеулерінің негізгі бөлігін құрайды.
Шығарма соборлық опера, шіркеулік акустикалық залында орындауға арналған жаңа жанр. Жас композитор Рахат-Бидің айтуынша, опера бостандық пен ізгілік, кісілік пен күш, күрес пен табандылық, бір адамның тұтас бір халықтың өмірін түбегейлі өзгерте алатыны туралы сыр шертеді.
Премьера Роберт Брюстің туғанына 750 жыл толуына орай Шотландияның төрт көрнекті соборында өтеді:
• 17 Ақпанда Глазго соборында. Бұл Соборда Роберт Брюс алғаш рет Шотландия королі болып танылды;
• 21 Ақпан – Эдинбургтегі Сент-Дайлс соборында. Собор революциялық соғысқа дейін құрылған және көптеген тарихи сәттерде маңызды рөл атқарады. Соборда патшайым Елизавета II-ні еске алу шараларының алғашқысы өткен. Сондай-ақ осы жерде Карл III Шотландия тәжіне табыстау рәсімі өтті;
• 24 Ақпан – Әулие Сальватор капелласында, Әулие Эндрюс университетінде. Король Роберт I Брюс 1318 жылы соборды ресми түрде қасиетті ету рәсіміне қатысты;
• 3 Наурыз – Данфермлайн аббаттығында. Роберт Брюстің жерленген орны.Қойылымда Шотландия Корольдік консерваториясының опера әншілері мен дирижерлар өнер көрсетеді. Органда Рахат-Би Әбдісағин өзі ойнайды.Опера қойылымдарына билеттер тегін, оларға төмендегі сілтеме арқылы қол жеткізе аласыз:

Айта кетейік, қазақстандық композитор және пианист, өнертану ғылымдарының магистрі, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рахат-Би Әбдісағин – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. 2022 жылы «Болашақ» стипендиясын жеңіп алған, Royal Conservatoire of Scotland-та «Музыка» мамандығы бойынша докторлық зерттеу жүргізуде.
Ақпарат https://bolashak.gov.kz/ сайтынан алынды.
Димаш Құдайберген атындағы жаңа туристік бағыт несімен ерекшеленеді?
Forbes Kazakhstan-да 2024 ж. 30 қаңтарда жарық көрген Азат Сардарбектің мақаласын оқыңыз
Хабарлама
Ақпарат алып отыру үшін жазылыңыз
Создано на WordPress.com